Астанаға газ құбырын тарту құны белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордаға көгілдір отын жеткізетін «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құны белгілі. Бұл жайында бүгін «Арнасай» Жасыл технологиялар орталығында өткен ҚР Энергетика министрлігі Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысында министр Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚазТрансГаз» компаниясы Қызылорда облысынан Жезқазған, Қарағанды, одан кейін Астанаға жеткізілетін «Сарыарқа» магистралды газ құбыры құрылысының жобасына қатысты техникалық-экономикалық негіздемені әзірледі. Жобаның екінші кезеңінде 2300 шақырымнан астам Көкшетау-Петропавл құбыры төселуі тиіс. Жоба құны 236 млрд. теңге. Бұл өте ауқымды сома. Бұған қоса еліміздің солтүстігіне шамамен 3 млрд. текше метр газ жеткізу мүмкіндігі туындайды», - деді еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Оның атап өтуінше, осыдан бір ай бұрын жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі «Мемлекеттік сараптама» РМК тарапынан оң қорытынды алған. Жоба газ құбыры бойындағы өңірлердің дамуына оң серпін бергенімен, соңғы тұтынушыға көгілдір отынның құны барынша қымбат болмақ. Сондықтан «ҚазТрансГаз» компаниясы елімізде газдың бағасын орташа деңгейге келтіру үшін пошталық марка әдісіне жүгінуді ұсынып отыр.
«Біз бұл жайында Әсет Исекешевпен сөйлесеміз. Содан кейін келесі айда Премьер-Министрдің отырысында баяндайтын боламыз», - деді ол.