Астанаға газ тартуға қаржы бар - Мемлекет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға газ құбырын салуға қажет қаржы бар екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Қалаға газ тарту күн тәртібінде тұр. Біз - мұнай мен газ өндіретін елміз. Яғни мұнай мен газ елдің бір бөлігінде болса, елорда басқа бөлігінде орналасқан. Қазіргі кезде біз осында газ жеткізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Қызылорда өңірінен газды тартып, оны Жезқазғанға, Қарағандыға, Теміртауға, сондай-ақ ары қарай Астанаға, Павлодарға, Петропавлға жеткізу жоспары бар. Оны жүзеге асыратын боламыз. Ол үшін қаржы да бар. Алайда бұл жұмыстарды іске асыруға қандай да бір мерзім керек екені анық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда Президент бұл жобаның іске қосылуын күтпей-ақ, Астанаға сұйытылған газды жеткізуге уағдаластық жасалғанын атап өтті.

«Қазір осыны күтпестен біз сұйытылған газды Астанаға жеткізуге келістік. Ол тұрмыстық отын ретінде жағылады. Бірақ та біртіндеп қаланы электрлі көлікпен жабдықтап, қоғамдық көлікті газбен жүруге көшіру қажет», - деді Елбасы.

Айта кетейік, 22 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жетекші БАҚ өкілдеріне 2017 жылды қорытындылауға арналған сұхбат берді. Онда Президент қазақ қоғамындағы елеулі өзгерістер мен өзекті мәселелер туралы журналистер сұрағына жауап берді. Аталмыш сұхбаттың телевизиялық нұсқасы бүгін республикалық телеарналардың эфирінен көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар