Астанаға IFSWF директоры Данкан Бонфилд келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық суверенді әл-ауқат қорлары форумының (IFSWF) бас атқарушы директоры Данкан Бонфилд Астанаға келіп, 2017 жылдың 5-7 қыркүйегінде өтетін IFSWF-тің жылдық отырысына дайындық жұмыстарымен танысты. Данкан Бонфилд «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевпен және қордың өзге топ-менеджерлерімен кездесті, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
None
None

Қор 2014 жылғы ақпаннан бері Халықаралық суверенді әл-ауқат қорларының мүшесі болып табылады.

Қордың топ-менеджерлері IFSWF басшысымен форумның жылдық отырысын талқылады, бұл жолғы басты тақырып - «Жаңа нарықтарды зерттеу». Сонымен қатар, форум аясында ашық сессия өткізіліп, онда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, Қордың жекешелендіру бағдарламасы, «Бір белдеу - бір жол» бастамасы және т.б. талқыланады.   

«Самұрық-Қазынаның» суверенді қорлар форумына мүшелігі және жылдық отырыстың Астанада өтуі бізге зор жауапкершілік жүктеп отыр, - деп атап өтті Ө.Шөкеев, Д.Бонфилдпен кездесуде - IFSWF өз қызметі аясында ашық және тұрақты инвестициялық ортаны дамыту мен қолдауға ықпал етіп келеді, бұл Қордың елге инвестиция тарту және корпоративтік басқару деңгейін көтеру міндеттерімен үндесіп жатыр. Біз суверенді қорлардағы әріпестеріміздің назарын жекешелендіру бағдарламасына аударғымыз келеді, қазіргі уақытта Қазақстанға инвестиция салуға өте ыңғайлы жағдай жасалып отыр».

Халықаралық суверенді әл-ауқат қорларының форумы төрт мақсатты ұстанады: 1 - жаһандық қаржы жүйесінің тұрақтылығын және капитал мен инвестицияның еркін ағысын қамтамасыз етуге көмектесу; 2 - инвестиция салынған барлық елдердегі ақпаратты ашық ұстау талабына қолданылатын нормативтерді сақтау; 3 - экономикалық және қаржылық тәуекелдер мен пайда негізінде инвестиция жасау; 4 - операциялық бақылауды, тәуекелдерді басқару мен есептілікті қамтамасыз ететін ашық та сенімді басқару құрылымын жасау.  

«Самұрық-Қазына» АҚ, 2015 жылы Миланда өткен халықаралық суверенді әл-ауқат қорлары форумында, дауыс беру нәтижесімен, IFSWF-тің жылдық отырысын 2017 жылы Қазақстанда өткізу құқына ие болған еді.

Астанадағы форумға жиынтық активі 3,5 трлн. АҚШ доллары болатын 30 ірі суверенді қор қатысады.    IFSWF 2009 жылы Халықаралық валюта қорының аясында құрылған болатын.  

Соңғы жаңалықтар