Астанаға келген шетелдік театрлар тегін қойылымдарға шақырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «SAMGAU» VI халықаралық театр фестивалінің шымылдығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Бір апта бойы қаладағы театрлар сахнасында Қазақстан өңірлері мен таяу шетелден келген театрлар өнер көрсетпек.
«Алты жыл бұрын Қуанышбаев театрының іргесінде осы фестивальдің тұсауы кесілген болатын. Оны халықаралық деңгейге жетеді деп ешкім ойламаған. Биылғы фестивальдің атауы да, мазмұны да өзгеше. Бұрын ол «Сахнадан сәлем» деп аталып келген еді. Біз номинациялар белгілеп, қатысушыларды материалдық тұрғыдан қолдау туралы шешім қабылдадық. Фестивальдің бас жүлдесі - 2 миллион теңге», - деді театр және кино режиссері, драматург Талғат Теменов театр апталығының ашылуына арналған баспасөз маслихатында.
Оның айтуынша, «SAMGAU» фестиваліне қатысуға 53 ұжым өтінім берген, оның ішінен тек 12-сі ғана таңдап алынған.
«Бүгінде театр өнеріне сұраныс жоғары. Егер 5 жыл бұрын театр әлемі тұралап тұрса, соңғы 3-4 жылда айтарлықтай серпін жасалды. Жаңа сапалы қойылымдар көп, сондықтан іріктеу қатаң түрде жүргізілді. Әзірге уақыттың тығыздығынан қатысушыларды көбірек ала алмаймыз. Қазылар алқасы күніне 3 спектакльден көреді. Өйткені фестиваль бір аптаға ғана созылады», - деп толықтырды ол.
Сонымен қатар, белгілі профессорлар, театр өнерінің саңлақтары күн сайын фестиваль қатысушыларына вокал, сахнада қозғалу, сөйлеу және актерлік шеберлік бойынша шеберлік дәрістерін өткізеді.
Биылғы фестивальдің тағы бір ерекшелігі - оған OFF-бағдарлама ретінде Қазақ ұлттық өнер университетінің актерлік өнер және режиссура кафедрасының студенттерінің дипломдық спектакльдері де қатысады.
Аталмыш фетиваль аясында халық назарына ұсынылатын қойылымдардың тізімін бұған дейін ұсынған болатынбыз. Кіру - тегін.