Астанаға оралмандарды қоныстандыруға тыйым салынғанмен елордаға келгісі келетіндер азайған жоқ - көші-қон маманы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында «Оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 20 наурыздағы № 248 қаулысына сәйкес 29 мамырдан бастап Астанада тұрақтағысы келетін оралмандарға «Оралман куәлігін» беруді тоқтатты.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Бейімбет Үсіпбек айтты.
Маманның айтуынша, осы уақыт аралығында басқармаға 39 отбасы оралман куәлігін алу мәселесімен келген. Күн сайын телефонмен хабарласып, кеңес алатындар да көп көрінеді. Басқарма қызметкерлері оларға қаулы бойынша барлық заңнамаларды түсіндіріп, еліміздің басқа өңірлеріне баруға кеңес берді.
«Қазір Астанаға тұрғылықты тұрам дейтін қандастарымыз басқа да шетел азаматтарымен тең құқыққа ие. Яғни олар алдымен тұрғылықты жердің анықтамасын алып, сол арқылы азаматтыққа тапсырады. Банкте төлем қабілетін растайтын 2,5 млн теңгесі болуы шарт. Дегенмен осыған қарамастан бізге келіп хабарласатын қандастарымыз бұрынғыдан азайған жоқ. Ал квота алғысы келетіндер Астана мен Алматы қалаларынан басқа еліміздің барлық өңірлеріне қоныстана алады. Сол жерде олар баспанамен де, жұмыс орнымен де қамтамасыз етіледі», - деді Б. Үсіпбек.
Айта кетейік, жоғарыда аталған қаулы бойынша оралмандардың қоныстануына еліміздің солтүстік өңірлері белгіленген болатын. Ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 20 наурыздағы № 248 қаулысымен енгізілген өзгерістер бойынша қандастарымыз Астана мен Алматы қалаларынан басқа кез келген елді мекенге қоныстана алады .