Астанаға пәтер тонау үшін арнайы келген грузиялықтар ұсталды
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астаналық тәріп сақшылары «Пәтер» операциясының барысында елордаға пәтер тонау мақсатында арнайы келген Грузияның екі азаматын ұстады.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанат Битенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, полиция қызметкерлері 1971 және 1980 жылы туылған екі ұрыны арнайы жедел-іздестіру шарасының барысында сәуірдің 14-і күні құрықтаған. Тексеру барысында олар Қазақстанға келісімен еліміздегі облыстардың бірінде тіркеліп, екі аптадан бері Астанада пәтер тонаумен айналысып жүргендігі анықталды. «Ұрылар пәтерлерге арнайы дайындалған құрал-саймандардың көмегімен немесе құлыптың ішкі құрылысын бұзып кіріп жүрген. Оларды тінту барысында ұрлық жасауға арналған қолдан жасалған құралдар мен қолды болған заттардың біразы табылды және олардың бәрі де тергеу барысында заттай айғақтар ретінде тіркелді», деді департамент бастығының орынбасары. Сондай-ақ ол келтірген мәліметтерге қарағанда, ұрылардың қаладағы 10 пәтерді тонау әрекетіне қатыстылығы дәлелденіп отыр. «Тексеру жұмыстары әлі жалғасуда. Сондықтан олардың нақты қанша пәтер тонау әрекетіне қатыстылығын қазір дөп басып айту қиын. Ұсталғандарға қатысты Қылмыстық Кодекстің 175-ші бабының 3-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған сәйкес, қылмыскер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.