Астанаға С.Безруковтың театры келді
АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Астанаға Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, танымал актер Сергей Безруков келді. Елорданың 15 жылдығына орай ол және оның шығармашылық ұжымы Конгресс-холл сахнасында өнер көрсетпек. Осыған орай, бүгін әртістің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Биыл С.Безруковтың театры «Сирано де Бержерак» спектаклін алып келді. Оқиға желісі бойынша дарынды ақын Сирано де Бержерак Роксана есімді ару қызға ғашық болады. Алайда өз сезімі туралы тіс жарып айтпайды. Сосын жақын досы Кристианның атынан Роксанаға өлең жолдарын арнап, өз сезімін білдіреді. Уақыт өте келе, Роксана Кристианға ынтық болады. Бірақ ол көп ұзамай, соғыста қаза табады. Сонда да Сирано ішкі сезімін құпияда ұстап, барлық өлеңдерді өзі жазғанын айтпайды. Дегенмен, спектакльдің соңында Роксана Сираноға ғашық болып, «Мен де сені сүйемін!», - деп өз сезімін білдіреді. Сол кезде Сирано оның қолында қайтыс болады. «Иә, спектакль дәл солай аяқталады. Бақыт деген осы емес пе?! Кеш болса да, Сирано Роксананың «Мен сені сүйемін!» деген сөзін естіп кетеді. Өмір бақи оны естімей, өмір сүргенше, бір рет естіп, о дүниелік болып кеткен артық емес пе?!», - дейді С.Безруков. Спектакльдің режиссері - С.Безруков. Бас кейіпкері де - өзі. Спектакль 5 актіден тұрады. Ұзақтығы - 4 сағат. Ал жанры - қаһармандық комедия.
Айта кетейік, С.Безруковтың театры Астанада бірнеше күн аялдап, 27-28 маусым күндері Конгресс-холл сарайында «Сирано де Бержерак» спектаклін қоятын болады.