Астанаға Шымкенттен керуен келе жатыр

АСТАНА.  19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкент қаласындағы орталық ипподром маңындағы алаңда Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген жүк көліктері керуені Астана қаласына қарай жолға шықты.

Астанаға Шымкенттен керуен келе жатыр

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Бұл жолы оңтүстікқазақстандық диқандар Астана қаласына 72 млн теңгеге жуық қаржының өнімдерін алып келуді жоспарлап отыр. Арнайы жәрмеңке үшін аттандырылған  керуенде жалпы еттің 5 түрінен 50 тонна, сүт өнімдерінен 8 тонна, көкөністен 58 тонна, картоптан 15 тонна, бақша өнімдерінен 63 тонна, жемістен 37 тонна және 36 тонна басқа да түрлі өнімдер бар. Бұлардың барлығы елорда алаңында нарықтағы базар құнынан 20 пайызға дейін арзандатылған бағамен сатылады», - делінген баспасөз айғағында.

 Ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген көлік керуенін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов шығарып салып, сәт сапар тіледі. Еске сала кетсек, дәстүрлі күзгі жәрмеңке Астана қаласының орталық алаңында 22-23 қыркүйек күндері өтеді