«Астанаға тарту» жыршы-термешілер концерті өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шілденің 4 күні Астанадағы Конгресс-Холл сарайында жыршы термешілердің «Астанаған тарту» атты мерекелік концерті өтеді. Кешті белгілі жырау, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бекболат Тілеухан жүргізеді.

«Астанаға тарту» жыршы-термешілер концерті өтеді

Бағзы заманнан қазақ он саусағынан өнері тамған дарынды халық. Кез келген той-домалақ, көңілді орталар ән-жырсыз, күмбірлеген күйсіз өтпеген. «Астанаға тарту» концерті елорда тұрғындары бойында ұлттық рухты жандандырып, қазақ халқының баға жетпес мәдени мұрасынан сусындатуды мақсат тұтады. Кешке әр өңірлерден келген Арсланбек Солтанбек (Ресей), Сержан Мұсайын (Қарағанды), Берік Жүсіпов (Қызылорда), Қайрат Кәкімов (Атырау), Жеткізген Сейітов (Маңғыстау), Құрманбек Бекпейісов (Қызылорда), Жәкен Омаров (Шымкент), Тілеулес Құрманғалиев (Алматы), Ақан Әбдуалиев (Алматы), Алғысбек Дәуен (Алматы) сынды жыршы термешілер қатысады.

Ал астаналықтардан Ерлан Рысқали, Клара Төленбекова, Елмұра Жаңабергенова, Ибрагим Ескендір мен Серік Оспанов бұл кеште көрермен көзайымына айналмақ.

Концерт билеттерін «Қазақстан» орталық концерт залының, Конгресс-холл мен Жастар сарайының кассаларынан және қаладағы сауда ойын-сауық орталықтарынан сатып алуға болады, деп хабарлайды kazaitys.kz.