Астанаға Үндістан боксшылары келе жатыр - Мырзағали Айтжанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанаға Үндістан боксшылары келе жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов ҚазАқпарат тілсішсіне берген сұхбатында мәлім етті.
-Өзбекстан астанасында ересектер арасында бокстан өтетін Азия чемпионатына аз уақытқалды. Дайындықтарыңыз қалай?
- Жаман емес. Алайда, дәл қазір боксшыларымыз өз үйлерінде демалып жатыр. Ертең, яғни сәуірдің 15-і күні Астанада жиналып, Азия біріншілігіне соңғы оқу жаттығуымызды бастаймыз. 29 сәуірде Ташкентке аттанамыз. 30 сәуірде алғашқы іріктеу жарыстары басталатын болады. Финалдық жарыстар 7 мамырда өтеді.
-Боксшылар демалып жатқалы қанша уақыт болды?
- Аса көп болған жоқ. Жақында ғана бірнеше елде бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп келдік. Бір-екі ірі халықаралық турнирге қатыстық. Германияның Галле қаласында өткен «Chemistry Cup» халықаралық турнирінде 4 боксшымыз алтын медаль жеңіп алды. Бұның барлығы - жаттығудың жемісі. Жалпы дайындығымыз жаман емес.
-Енді Азия ойындарына дейін өзге елдермен бірлескен оқу-жаттығуы жиына бола ма, әлде боксшылар жеке жаттыға ма?
- Астанаға Үндістан боксшылары келе жатыр. Олармен Азия ойындарына дайындық барысындағы соңғы жаттығуымыз болмақ. Астанадағы жаттығу орталығында қызықты жекпе-жектер болады. Тәжірибе алмасамыз.
-Осы құрлық біріншілігінде Гамбургте өтетін әлем чемпионатына жолдамалар сарапқа салынатынын білеміз. Қазақ боксшыларының басты қарсыластары қай ел болмақ?
- Бұл «сары құрлық» додасына 30-ға жуық елден 200-ден астам боксшы қатысады. Басты қарсыласымыз өзбектер екені айтпасақ та белгілі. Олар Рио Олимпиадасында алдымызды орап кетті. Бұл жолы да аянып қалмасы анық. Алайда, Үндістан, Иран, Иордания, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Филиппин, Шри-Ланка, Оңтүстік Корея сияқты елдерге де жай қарамау керек. Қазір Азия елдерінде ғана емес, әлемде бокс қатты дамып келе жатыр.
-Азия біріншілігіне кімдерді апарғалы жатырсыз?
- Осы Астанадағы оқу-жаттығу жұмыстарымызды аяқтағаннан кейін белгілі болады.
-Әңгімеңізге рахмет!