Астанаға XIV Людовик кезінде құрылған балет труппасы келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең, 27 шілде күні «Астана Операда» алғаш рет Париж ұлттық опера театрының балет труппасы өнер көрсетеді. «Gala de Paris» атты бағдарлама төрт күнге созылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанаға XIV Людовик кезінде құрылған балет труппасы келді

Кештің көркемдік жетекшісі - Себастиан Берто. Өткен жылы Гранд-Опера сахнасында оның «Ренессанс» атты туындысы алғаш рет саxналанды. Ал "Астана-Операда" аталған шығарманың халықаралық премьерасы өтеді. "Біз "Ренессансты" өзімізде бес рет қойдық. Ал шетелде алғаш рет саxнаға шығармақшымыз", - дейді С.Берто. Балет костюмдерін Balmain француз сән үйінің креативті директоры Оливье Рустен жасады. Кристиан Лакруаның эксклюзивті костюмдері де болады. Ал биші әртістердің ішінде Летиция Пюжоль, Сэ Ын Пак, Франсуа Алю, Марк Моро, Пабло Легаса, Аксель Маглиано, Камиль Бон, Томас Докир, Амели Жоанидес, Наис Дюбоск, Исаак Лопес Гомес, Марион Готье, Виктуар Анкетиль, Адель Белем, Жозеф Омер, Джек Газтоут сынды танымал тұлғалар бар.

"Осы кеште «Астана Опера» сахнасында романтика, сұлулық пен сәннің қаласы - Париждің атмосферасы қалықтайтын болады", - дейді ұйымдастырушылар. Себебі «Gala de Paris»  кешінің декорациялары Франция мен Италиядан келген Анна Садовска (Париж) мен Ахсар Муриевтің (Рим) жетекшілігімен жасалды.

«Gala de Paris» бірегей концерттік бағдарламасын «Раймонда» балетінен Гранд па ашады. Орта ғасырдағы рыцарлық аңызға негізделген балет сұлу Раймонда, оның күйеу жігіті - рыцарь Жан де Бриен мен сарацин Абдерахман жайлы баяндайды. Кешті Теофиль Готьенің аттас өлеңінің желісімен Карл Мария фон Вебердің музыкасына қойылған Михаил Фокиннің «Раушан гүлінің елесі» балетінен роматикалық па-де-де жалғастырмақ. Сонымен қатар, көрермен назарына 1949 жылы Париж операсында Даниэль Обердің музыкасына Виктор Гзовскиймен қойылған Гран-па классик ұсынылады. Балет өнерінің ең сүйікті жауһарларының бірі көрерменді өзінің шыңдалған техникасымен, әртістік шеберлігімен, сондай-ақ нағыз француздық үлгідегі  тапқырлығымен тәнті етеді. Кеш барлық әртістердің қатысуымен орындалатын Карл Чернидің «Этюд» музыкасымен аяқталады.

Гала-кештің идея авторы әрі бас продюсері - Антон Левахин (Рим, Италия). «Астана Опера» симфониялық оркестріне маэстро Владимир Ланде (Ресей - АҚШ) жетекшілік етеді.

Айта кетейік, Paris Opéra Ballet - XIV Людовик патшаның тұсында 1661 жылы корольдік би академиясы ретінде негізі қаланған Париж операсының ресми ұлттық балет труппасы. Бүгінде ұжымның құрамында 150-ден астам әртіс бар, Париж ұлттық опера театрының көркемдік жетекшісі - Орели Дюпон. Әр жылдары балет труппасы Мария Тальони, Джордж Баланчин, Серж Лифарь, Морис Бежар, Ролан Пети, Рудольф Нуреев, Сирил Атанасов, Сильви Гиллем, Анжелен Прельжокаж және басқа да белгілі әртістер арқылы кеңінен танылған. Қазіргі әртістер де XIV Людовиктен бастап қазіргі заманға дейінгі, Версальдан Гарнье Операсына дейінгі ежелгі би өнері дәстүрін жалғастырып келеді.