Астаналық 4 педагог халықаралық хакатон жеңімпазы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласынан 26 педагог республикалық кезеңге өтіп, Педагогикалық хакатонға қатысуға жолдама алды. Нәтижесінде 4 педагог жеңімпаз атанып, халықаралық тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Педагогикалық хакатон жеңімпаздары:
• Батырбаева Айгерім Қайратқызы — Astana Garden International School мектебінің биология пәні мұғалімі;
• Рахметов Қамбар Сансызбайұлы — М. Дулатұлы атындағы № 68 мектеп-гимназияның көркем еңбек пәні мұғалімі;
• Тұрғалиева Аяжан Қайратқызы — Астана қаласы әкімдігінің «Технологиялық колледжі» ШЖҚ МКК физика пәнінің мұғалімі;
• Скрипкина Ольга Александровна — Kemel Mekteby бастауыш сынып мұғалімі.
Олар кәсіби шеберлігі мен инновациялық жобаларды әзірлеудегі жоғары нәтижелері үшін жеңімпаз деп танылып, Оңтүстік Корея Республикасында білім беру саласы бойынша халықаралық тағылымдамадан өту құқығына ие болды.
Айта кетсек, бұған дейін қазақстандық мұғалімнің халықаралық INSPIRATION AWARD сыйлығының иегері атанғанын хабарлағанбыз.