Астаналық әжелер ансамблі Әзербайжандағы байқауда бірінші орын алды
АСТАНА. KAZINFORM — Өнер жарысында әнші әжелерімізбен қатар Өзбекстаннан және т. б. елдерден келген 400-ден аса үміткер сайысқа түсті, деп хабарлайды елорда әкімдігі.

Астанада Есіл ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткер әжелерінен құралған «Сағыныш сазы» ансамблі Баку қаласында өткен «AZERBAIJAN GRAND FESTIVAL» ән байқауында жүлделі бірінші орынға ие болды.
Фестиваль ұлтаралық қарым-қатынас пен музыкалық мәдениетті нығайту мақсатында наурыз айының соңғы күндері «Аstana Stars» халықаралық конкурстар комитетінің ұйымдастыруымен өткен болатын.
Әжелер ансамблінің ұжымына ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Жанарбек Искендыров жетекшілік етеді, ал ансамбльдің белді жүшесі Шәрбат Құрманова ансамбльдің көркемдік жұмысымен және репертуарын қалыптастырумен айналысады.
Ансамбль өз жұмысын 2019 жылдың желтоқсан айында Сарыарқа ауданына қарасты қалалық ардагерлер ұжымында бастады.
Өнер ұжымының алғаш құрылған кезде халық әндерін орындаудан бастаған еді. Үнемі шығармашылық ізденісте жүрген ансамбльдің репертуары бүгінде әр түрлі, ән қоржынында 80-ге жуық ән бар.
— Біздің орталықтың өнерлі зейнеткерлері халықаралық деңгейдегі ән байқауынан жүлдемен оралуы біз үшін үлкен жетістік. «Сағыныш сазы» ансамблінің құрылғанына 5 жыл толды, жақында өзінің бес жылдық есептік концертін өткізген болатын. Бұл өнер ұжымына 62-72 жас аралығында ән айтумен әуестенетін әжелер жиналған. Ансамбль әрдайым шығармашылық ізденіс үстінде. Олардың репертуары әралуан, терме, халық және эстрадалық әндермен қатар, басқа да жанрдағы әндерді орындайды, — деп сөзін түйіндеді Есіл ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жанар Есенаманова.
Осы байқауда бірінші орынды жеңіп алған «Сағыныш сазы» ардагерлер ансамблі Грекияның Салоники қаласында өтетін GREECE GRAND FESTIVAL байқауына жолдама алды.
Осыған дейін Ұлттық ұлан әскери техниканы шеруге дайындап жатқаны хабарланды.