Елордалық балуан қыз Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Таиландтың Паттайя қаласында 15 жасқа дейінгі (U-15) және 20 жасқа дейінгі (U-20) спортшылар арасында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Джамиля Мехдиева
Фото: Астана әкімдігі

Жарыстың алғашқы күні боз кілемге шыққан Астана қаласының спортшысы Джамиля Мехдиева U-15 жас санатында әйелдер күресінен 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сәтті өнер көрсетіп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Құрлық біріншілігінде Азияның үздік жас балуандары еркін күрес, грек-рим күресі және әйелдер күресі бойынша чемпиондық атақтар үшін бақ сынап жатыр.

— Бүгін Алланың қалауымен U-15 жас санатындағы Азия чемпионатының қола медалін жеңіп алдым. Төрт белдесу өткізіп, осы нәтижеге қол жеткізгеніме өте қуаныштымын. Маған әрдайым қолдау білдіріп, сенім артқан жаттықтырушыларыма, сондай-ақ үнемі жанымнан табылып, демеу көрсетіп жүрген ата-анама алғысымды білдіремін. Бұл менің еркін күрестен халықаралық деңгейдегі алғашқы жарыстарымның бірі болғандықтан, бұл медальдің мен үшін маңызы ерекше. Ең қиын қарсыластарым Жапония мен Үндістан спортшылары болды. Дегенмен мен үшін ең бастысы — өз күресімді көрсету, қорықпау және соңына дейін күресу. Егер боз кілемге қорықпай шығып, бар күш-жігеріңді салсам, нәтиже міндетті түрде келеді деп сенемін, — деді Джамиля Мехдиева.

Сонымен қатар, бүгін U-15 жас санатында елордалық екі еркін күрес шебері де боз кілемге шығады. Атап айтқанда, Заманбек Бектөре 44 келіге дейінгі, ал Зелимхан Цицкиев 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түседі.

Айта кетейік, Азия чемпионаты 5 шілдеге дейін жалғасады.

Бұдан бұрын дзюдодан Еуропа кубогында Ғалымжан Қырықбай чемпион атанғанын жаздық.