Астаналық мерген Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында күміс алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан «Орта Азия» нысанасы бойынша Астана қаласының спортшысы Айкөркем Батихан күміс жүлдеге ие болды. бұл туралы елорда әкімдігі мәлім етті.
«Орта Азия» нысанасы бойынша 40 метр қашықтықта өткен әйелдер арасындағы бәсекеге әлемнің 51 мемлекетінен 80-нен астам мерген қатысты. Айкөркем Батихан мықтылар арасынан суырылып шығып, финалдық кезеңге жолдама алды.
Финалда елордалық спортшы шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, II орын иеленіп, Қазақстан құрамасының қоржынына күміс жүлде салды.
Дәстүрлі садақ атудан елорданың тағы бір өкілі жарыста бақ сынайды.
Бүгін, 4 қыркүйекте, Астана қаласының бірқатар спортшысы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жарыстарын жалғастырады.
Тазы жарысында Астана қаласының атынан Алмас Оралбек «Сағым» атты тазысымен өнер көрсетіп, бүгін жарысын жалғастырады.
11 шақырымдық жорға жарысында елорда атынан Әлия Тоқтасынова, Наиля Советхан және Анатолий Шабаев сынға түседі. Вероника Румянцева қосалқы қатысушы ретінде тіркелген.
Мангала сайысында Астана қаласының атынан Гүлнәр Базаралиева, Құндыз Есіркеп және Биғали Зікрияев өнер көрсетіп жатыр. Елордалық спортшылар жарысты жалғастырып жатыр. Мангала бойынша қорытынды нәтижелер 6 қыркүйекте белгілі болады.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 6 қыркүйекке дейін жалғасады.
Айтак кетейік, Қазақстан құрамасы ойындардың үшінші күнінде 12 алтын, 7 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды.