Елордада оқушылар 400-ге жуық қақпақтан Қазақстан картасын жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада № 55 мектеп оқушылары «Таза Қазақстан. Астана — тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты кең ауқымды экологиялық акция аясында пластик қақпақтарды қайта өңдеп, ерекше экологиялық жобаны жүзеге асырды, деп хабарлайды қала әкімдігі.

Қазақстан картасы
Фото: Астана әкімдігі

Олар күнделікті тұрмыста қажетсіз болып көрінетін заттарға екінші өмір сыйлап, бөтелке қақпақтарынан Қазақстанның көлемді картасын құрастырды.

Жобаның негізгі мақсаты — қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті арттырып, қоқысты қайта қолдануға үйрету.

Бұл игі бастаманы мектептің «Экоәлем» бағыты бойынша жауапты мұғалім Данар Төлегенова ұйымдастырды. 5-11 сыныптар арасында өткізілген қақпақ жинау сайысы арқылы оқушылар арасында экологиялық мәдениет пен белсенділік қалыптасты.

— «Экоәлем» акциясы бойынша 832 қақпақ жиналған. Ал көлемді карта жасау үшін 397 түрлі-түсті қақпақ жеткілікті болды. Қалған қақпақтар алдағы экологиялық жобаларға сақталады. Картаны құрастыру жұмысына 5-6 сыныптың «Экоәлем» көшбасшылары мен белсенді ата-аналар да ат салысты. Бірлесе жұмыс істеу балалардың ынтасын арттырып, қоршаған ортаға қамқор болуға үйретті, — делінген әкімдік хабарламасында.

Ведомство атап өткендей, бұл жоба — мектеп оқушыларының экологиялық сана-сезімінің артып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел. Бөтелке қақпағынан жасалған Қазақстан картасы оқушылардың тек қана шығармашылық қабілетін емес, сонымен қатар елге, жерге деген сүйіспеншілігін де байқатады.

Осыдан бұрын алматылық оқушылар 1 миллионнан астам пластикалық қақпақ жинағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар