Астаналық оқушылар есте сақтау қабілеті бар ақылды розетка жасап шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Сәкен Сейфуллин атындағы № 80 мектеп-гимназиясының талантты оқушылары Ақбота Мелис мен Омар Джусупбек ерекше жоба жасап шығарды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

SMART SOCKET деп аталатын бұл құрылғы Қазақстанда алғаш рет жасалды. Оны телеграмм бот арқылы кез келген қашықтықтан басқаруға болады. Ең бастысы, бұл розетканың есте сақтау қабілеті бар және ол Bluetooth пен Wi-Fi арқылы толыққанды жұмыс істейді.
SMART SOCKET ерекшеліктері:
- Есте сақтау қабілеті: Құрылғы қосылып тұрған құрылғыларды және соңғы параметрлерін есінде сақтайды, бұл оны қолдануды қауіпсіз әрі ыңғайлы етеді.
- Қосымша мүмкіндіктер: Телеграмм бот арқылы кез келген қашықтықтан басқару.
- Желілік қосылу: Bluetooth арқылы жақын қашықтықта жұмыс істесе, Wi-Fi арқылы қосылуға болады.
- Энергия тиімділігі: Қуат тұтынуды нақты уақытта бақылап, қажеттіліктерге қарай баптауға мүмкіндік береді.
- Қауіпсіздік:Төтенше жағдайларды анықтап, қауіптерді алдын ала ескерту.
- 3D технологиялар: Құрылғының прототипі 3D принтерден жасалып, барлық сынақтан сәтті өтті.
– SMART SOCKET – бұл технологияны адамның игілігі үшін қолданудың айқын үлгісі. Біз жобаны әзірлеу кезінде үлкен тәжірибе жинадық, әрі адамдардың өмірін жеңілдетуді мақсат тұттық», - дейді жоба авторлары Ақбота мен Омар.
Жоба жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Жанаргүл Байкенжеева SMART SOCKET жас буынның шығармашылық әлеуетінің нәтижесі екенін айтты. Ол сондай-ақ болашақта аталған жобаны әр үйге қолжетімді етіп, оның мүмкіндіктерін одан әрі арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.