Астаналық волонтерлер: қандай жұмыстар атқарылды

Елордада волонтерлік қызмет 2014 жылдан бастап қолға алынды. Ол үшін арнайы орталық ашылды. Қалалық әкімдік алғашқы күннен бастап волонтерлік қызметті қолдап келеді. Бүгінде астаналық волонтерлердің саны жыл санап артып келеді және олардың қызметінің аясы да кеңеюде, деп хабарлайды Kazinform.

Волонтер
Фото: Kazinform

«Астана жастары ресурстық орталығының волонтеріміз. Орталықта волонтерлікпен 2014 жылдан бастап айналысып келеміз. Қазіргі уақытта қалада 5 мыңнан астам волонтер бар. Олар түрлі іс-шараларға қатысып көмектеседі. Волонтерлердің қызметі кең, жоғалған адамдарды іздейді, қарттарға көмектеседі, қар тазалайды, қаңғыбас ит мысықтарды орналастыруға қол ұшын созады тағы сол сияқты. Сонымен қатар экологиялық акцияларға қатысады. 10 жылдан астам волонтерлікпен айналысып жүргендер бар. Астанада халықаралық және республикалық деңгейде көптеген іс-шаралар өтеді. Біз оларға да қатысамыз. Алдағы уақытта біздің қызметтің аясы кеңесі түседі. Бізде жыл ішінде 700 акция өтеді», - деді Астана қалалық волонтерлер штабының жетекшісі Шыңғыс Тілеулин.

Оның айтуынша, адамдар өздері көмекке жүгініп жатады.

«Біз жылдық жоспар жасаймыз, бірақ ол жыл ішінде өзгереді. Аяқ астынан пайда болатын іс-шаралар мен тапсырмалар болады. Біздің волонтерлер Арыстағы жарылыста және Мақтаарал ауданындағы су басу кезінде көмекке барды. Одан бөлек, Сириядағы жерсілкінісіне бардық. Волонтер болғысы келетіндерге қойылатын басты талап жасы 14-ке толған болуы тиіс және жұмыс істеуге дайын болуы. Сонымен қара 50 жастағы волонтерде бар. Біз жыл бойы, тәулік бойы жұмыс істейміз», - дейді ол.

Волонтерлердің қызметін қалалық әкімдік (Жастар ісі жөніндегі басқарма) және жеке компаниялар қолдайды.

Волонтер
Фото: Kazinform

Үш жыл қатарынан басқарма «Волонтерлік бастамаларды қолдау үшін шағын гранттар» жобасын жүзеге асырды. 2022 жылы 98 қатысушының ішінен 20 жеңімпаз анықталып, 350 мың теңге көлемінде шағын гранттарға ие болды.

Көптеген тақырыпқа арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың қатарында курстар, турнирлер, керамика бойынша шеберлік сыныптары, құммен сурет салу бар.

Волонтер
Фото: Kazinform

Жыл сайын «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы өтіп, іс-шара аясында халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына көмек көрсетілген. Көпбалалы отбасылардың, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың, зейнеткерлердің хаттарында жазған өтініштері мен тілектері орындалады. Мемлекет басшысы хатты бірінші болып оқып, тілегін орындады. Бұл ретте Президент осы игі істі бастаған жастарға алғысын білдірді.

Волонтер
Фото: Kazinform

ҚР Президенті волонтерлер туралы Біз өзгеге қол ұшын беретін жандарды әрдайым құрметтейміз деген еді. 

«5 желтоқсан – Халықаралық волонтер күні. Біз өзгеге қол ұшын беретін жандарды әрдайым құрметтейміз. Еріктілер мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. «Адал азамат» тұжырымдамасының тірегі – осы мызғымас құндылықтар»,-деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында.