Астаналықтар Отан қорғаушылар күні қандай іс-шараларға бара алады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада бұл мерекеге орай әскери қызметті насихаттауға және патриоттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған мазмұнды бағдарлама өтеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Былтыр Отан қорғауға аттанған 1200-ден астам сарбаздың алғашқы легі оралды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап концерттер, түрлі қойылымдар және қоғамдық акциялар ұйымдастырылады

Негізгі іс-шаралардың бірі — 7 мамыр күні сағат 11:00–де Қазақ елі монументі алаңында өтетін плац-концерт. Бағдарламада әскери оркестрлердің өнер көрсетуі, мемлекеттік органдардың саптық есептері, саптық дайындық элементтері және салтанатты бөлімшелердің көрсетілімдік нөмірлері бар. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері қатысады.

Мерекелік іс-шаралар Нұржол желекжолы аумағында жалғасады. Мұнда сағат 15:00–де Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық оркестрінің салтанатты шеруі өтеді.

Мәдени бағдарлама қаланың өзге алаңдарында да ұйымдастырылады. «Астана Арена» стадионы аумағында Open air форматындағы іс-шара өтеді: сағат 10:00–ден бастап жәрмеңкелер, сауда орындары мен балалар аймақтары жұмыс істейді, ал 19:00–де қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен кешкі концерт ұйымдастырылады.

Осы күні сағат 18:00–де Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры сахнасында көрермендерге «Тыныштық күзетшісі» спектаклі ұсынылады.

7 мамыр күні сағат 17:00–де Есіл ауданындағы Жетісу саябағы және 8 мамыр күні М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы маңындағы Арбатта мерекелік концерттер өтеді. Бағдарлама аясында әскери көрсетілімдік дефиле мен концерттік қойылымдар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, 7 мамыр күні сағат 19:00–де Оқушылар сарайы маңындағы Арбатта ҚР Ұлттық ұланы әскери қызметшілері мен оркестрінің қатысуымен мерекелік бағдарлама өтеді.

Бұдан бөлек, елордада полиция және төтенше жағдайлар қызметі бөлімшелерінде ашық есік күндері ұйымдастырылады. Жастар үшін экскурсиялар, ардагерлермен кездесулер және әскери-патриоттық іс-шаралар өткізіледі.

Қала мектептері мен колледждерінде оқушыларды «Жас сарбаз» қозғалысының қатарына қабылдау бойынша салтанатты рәсімдер өтеді. Бұл бастамалар жастардың патриоттық тәрбиесін қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Астанада Отан қорғаушылар күні әскери қызметшілер мен жауынгерлік дәстүрлерге құрмет көрсетіп қана қоймай, патриотизм, заңдылық, жауапкершілік және ел бірлігі құндылықтарын насихаттайтын маңызды қоғамдық іс-шараға айналады.

Бұған дейін Астанада 300-ге жуық адам қатысқан патриоттық флешмоб өткенін жаздық.