Астаналықтар Париж олимпиадасының ашылуын ашық аспан астында тамашалады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір Париж-2024 Олимпиадасы салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр. Jibek Joly телеарнасы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ауқымды шарадан тікелей трансляция жасады.

Елорданың орталық саябағына бір қауым жұрт жиналды. Көрермендер үлкен экран арқылы Париж Олимпиадасының ашылуына тікелей куә болды. Қазақстандық спортшыларды қолдауға келген жұртшылық алдымен отандық жұлдыздардың қатысуымен өткен концертті тамашалады.

«Елімізді әлемге танытып жатқан спортшыларымыз көп. Париж Олимпиадасын міндетті түрде көремін, өзіме бокс жақын. Жалпы Қазақстан бокстан әлемде үздік елдердің қатарында. Спортшыларымызға сәттілік тілеймін, тек жүлдемен оралсын», - деген тілек білдірді танымал әнші, композитор Лұқпан Жолдасов.

Орталық саябаққа жиналғандардың арасында Олимпиадаға аттанған спортшыларды қолдап, ұрандатқан көрермендерді де байқадық. Солардың бірқатарында «Алға, Қазақстан!», «Біз біргеміз!», «Асланбек, алға!», «Сметов чемпион», «Біз сіздерге сенеміз», «Жеңіспен оралыңдар», «Казахстану только победу» деген секілді қолдау лебіздері жазылған.

«Олимпиада әлемдік деңгейдегі спорттық мереке. Бүгін қазақстандық спортшыларды қолдауға арнайы келдім, бір жағынан көрермендерді әніммен қуантқым келді. Барша отандастарымызды біздің спортшыларды қолдауға шақырамын. Ал спортшыларға үлкен жеңіс тілеймін. Әрине Олимпиаданы міндетті түрде көремін», - деп ағынан жарылды белгілі әнші Зарина Омарова.


Бұған дейін Jibek Joly арнасы Париж Олимпиадасынан хабар таратуға тас-түйін дайын екендігін хабарлаған едік.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасының ашылу салтанатына орай астаналықтар орталық саябаққа жиналды. Jibek Joly телеарнасы ұжымының ұйымдастыруымен өткізілген кеште астаналықтар спортшыларымызға сәттілік тіледі.
