Астаналық 19 дәрігер «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуға стипендия алды
АСТАНА. 30 қазан. ҚазАқпарат - Астанада 19 дәрігер «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алуға стипендия алды. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Еске салайық, 2013 жылдың сәуір айында Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ - Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының әкімшілігі арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құжат белгілі шетелдік клиникаларда емдеу мен диагностикалаудың инновациялық технологиялары бойынша 1 айдан 12 айға дейінгі мерзімге Астана қаласының медицина қызметкерлеріне тәжірибе сынақ ісін ұйымдастыру саласында ынтымақтастық орнатуды белгілейді.
Елорданың ресми сайтының жазуынша, меморандум аясында қалалық медициналық мекемелердің 19 дәрігері іріктеуден өтіп, үздік шетелдік клиникаларда білім алуға мемлекеттік комиссияның оң қорытындысына ие болды.
Атап айтқанда, 8 онколог, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог дәрігері қазіргі уақытта «Хирургия», «Акушерлік және гинекология», «Қоғамдық денсаулық сақтау» және «Анестезиология және реаниматология» мамандықтары бойынша Оңтүстік Кореяда үш айлық курстан өтуде.
2014 жылғы 1 ақпан мен 30 сәуір аралығында қалалық жедел медициналық көмек көрсету станциясының 11 дәрігері «Анестезиология және реаниматология» тақырыбында Оңтүстік Кореяда оқуға стипендия алды.
Сонымен қатар, №1 және №2 қалалық ауруханалардың 7 орта медбикесі «Болашақ» бағдарламасы бойынша «Медбикелік істің менеджменті» циклында оқуға өтінім берді. Қазіргі кезде құжаттар қаралу үстінде.