Астаналық 25 үміткер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауына қатысады
АСТАНА. 30 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Елордада бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауына қатысатын үміткерлер тізімі бекітілді. Бұл туралы әлеуметтік серіктестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша қалалық үш жақты комиссияның кезекті отырысында белгілі болды.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаеваның жетекшілігімен өткен отырыста қаралған мәселелердің бірі әлеуетті үміткерлерді бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауына қатысуға жіберу болды.
Жалпы алғанда, байқауға қатысуға 25 жеке кәсіпкерлік субъектісі өтінім берген. Атап айтқанда, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымы бойынша 13 субъекті, соның ішінде 6 ірі, 1 орта және 6 шағын кәсіпорын. «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымында 2 субъекті, 1 шағын және 1 ірі кәсіпорын. «Үздік ұжымдық шарт» - 8 субъекті, 6 ірі және 2 орта кәсіпорын.
«Байқауды желтоқсан айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өткізеді. Біздің міндетіміз - Астана қаласының атынан байқауға кандидаттар жіберу. Қатысушыларды бағалау үшін байқау үміткерінің қызметінің мүмкіндіктері мен нәтижелерін сипаттайтын арнайы критерийлер жасалды. Соған сәйкес бәріне баллдар қойылды. Нақтырақ айтсақ, әлеуметтік пакеттің болуы, демеушілік, еңбекақы, кәсіби дайындық, күзет және т.б. Бұл негізделген және лайықты бағалар», - деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жетекшісі Олжас Омар өз баяндамасында. Бұл туралы astana.kz хабарлады.