Астаналық 3 кеденші аттестаттаудан өтпей қалды

Оның барысында Астана қаласы бойынша кедендік бақылау департаментінің 7 қызметкері аттестаттау үдерісінен өтіп, нәтижесінде 3 қызметкер өз қызметтеріне лайық емес деп танылды. Бұл туралы Кедендік бақылау департаментінен хабарланды.
Атап айтқанда, аттестаттау барысында 1 қызметкер өзінің лауазымына сәйкес деп танылып, оған кадрлық резервке есепке алынуға немесе жоғары лауазымға ауыстырылуға қатысты ұсыным жасалды. Ал 3 қызметкер өздерінің қызметіне лайықты деп саналса, қалған 3 кеденші өз лауазымдарына сай емес деп танылды. Аттестаттаудан өте алмаған қызметкерлерді басқа қызметтерге ауыстыру туралы ұсыным жасалған.
Қазіргі таңда Аймақтық аттестаттау комиссиясы өз жұмысын жалғастыратын болады. Шара барысында Астана қаласы бойынша кедендік бақылау департаментінің 55 жауапты тұлғасы аттестаттаудан өтпек. Бұлар негізінен контрабандамен күрес жөніндегі бөлімшенің және жедел-кезекшілік қызмет бөлімшелерінің қызметкерлері болып табылады.