Астаналық әкімшілік соттың жол полициясы қызметкерлерінің тарапына айтқан сыны орынсыз - Ішкі істер министрлігі
АСТАНА. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты төрағасының жол полициясы қызметкерлерінің жұмысына және олардың заңды білмеуіне қатысты айтқан сыны орынсыз.
Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте ҚР Ішкі істер министрінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Магомед Бархингоев: «Астана қаласының соты жол полицейлерінің процессуалдық заңнама ережелерін бұзғандығына байланысты мас күйінде көлік жүргізді деген күдікпен ұсталған ҚР Әділет вице-министрі Марат Бекетаевты жауапқа тарта алмады», - деп, жол-көлік оқиғасын тіркеу кезінде қателіктер жіберген жол полициясы қызметкерлерінің тарапына сын айтқан болатын.
Қ.Жұмановтың атап көрсеткеніндей, әкімшілік сот төрағасының мұндай мәселелерге қатысты қоғамдық пікір білдіруі орынсыз. Бұған қоса, баспасөз хатшысы Астана қаласының Ішкі істер департаменті М.Бекетаевты ақтап шығарған сот шешімін қайта қарауды сұрамайтынын және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ережелеріне сәйкес, сот актілерін қайта қарау туралы өтінішті, іс бойынша қаралған тұлғалар, болмаса олардың заңды өкілдері, қорғаушылары және прокуратура ғана бере алатындығын айтты.
«Астана қалалық ІІД қалалық прокуратураға сот шешіміне қарсылық білдіріп, хат жолдаған болатын. Бірақ прокуратура бұл қарсылықты қолдаудан бас тартты», - деді ол.