Астаналық ардагер-зейнеткерлер суда жүзуден жарысты
АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласындағы «Динамо» спорт кешенінде Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы мен қалалық Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен қаладағы 60 жастан асқан ардагер-зейнеткерлер суда жүзуден сайысқа түсті, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.
«Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған өткен жылғы Жолдауы аясында, салауатты өмір салтын қалыптастыру және аға буын өкілдерін спортпен белсенді айналысуға тарту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұдан бөлек, елордада ардагерлер үйін ашу мәселесін қала әкімінің қарауына ұсындық. Егер ұсынысымыз әкімдік тарапынан қолдау тауып жатса, ардагерлердің бір ортада бас қосып, әңгіме-дүкен құруына мүмкіндік туар еді», - дейді қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекен Әлімжанов.
Жарысқа Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарынан барлығы 54 ардагер қатысты. 60-65 және 65-70 жастағы ерлер, 58-60 және 60-63 жастағы әйелдер екі топқа бөлініп, жарысқа түсті. Айта кету керек, әйелдер арасында жасы ұлғайса да өздерін әлі тың сезінетін 78 жастағы Бәтима Құсайынова мен 75 жастағы Лена Бисалиева да бар.
Сайысқа «Динамо» спорт кешені демеушілік жасап, төрешілер бригадасы мен медицина қызметкерлерінің қызметін ұйымдастырды.
Қорытындысында 60-65 жас аралығындағы ерлер сайысында 1-ші орынды А.Күдебаев, 65-70 жас аралығында Т.Қозыбаев жеңіп алды. Әйелдер сайысында жүлде 58-60 жас аралығында М.Қасымоваға және 60-63 жас аралығында Б.Құсайыноваға бұйырды.
Ал жалпы командалық есепте 9 жүлделі орынды иеленген Есіл ардагерлері бірінші орынға шықты.