Астаналық автобустағы жанжал: Астана ЛРТ түсінік берді

Айта кетсек, бұған дейін «astanovka98» атты Инстаграм парақшада сөзге келіспей, ұстасып қалған ер адамдардың видеосы жарияланған болатын. Видеода екі жігіттің жаға ұстасып тұрғанын, олардың жанында кондуктор әйелдің тұрғанын көруге болады.
«Міне, Астанадағы 51-ші автобуста Ritz-Carlton-ның жанындағы «Достық» көшесіндегі аялдамада осындай жағдай тіркелді. Кондуктор валидациядан өтпеген ер адамды жолаушылармен бірге автобустан итеріп шығарғалы жатыр», - делінген жазбада.
Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі «Астана ЛРТ» ЖШС баспасөз қызметіне хабарласып, істің мән-жайын сұрап көрді.
«Автопарктің директорымен сөйлестік. Жағдай былай болған: бұл жерде бір ер адам картаны валидациядан өткізбеймін деп, бас тартқан. Содан кейін кондуктор әйел оған кез келген жолаушы картаны валидациядан өткізуі керектігін, болмаған жағдайда полиция шақыратынын ескертеді. Жағдай ақыры ұрысқа айналып, екеуінің жанында тұрған тағы бір ер адам кондукторды қорғап, әлгі ер адамға «сіз неге әйел адамға дауыс көтересіз. Бәріміз төлейміз. Сіз неге төлемейсіз» деген. Содан ұрыс шыққан. Ешқандай бір-бірін ұрып, жарақаттайтындай төбелес болмаған. Ешкім де автобустан түскен жоқ. Әлгі ер адам ақыры валидациядан картасын өткізген», - дейді «Астана ЛРТ» ЖШС баспасөз қызметінен Науат Азанбаева.