Астаналық аяқдопшылар полтавалық құрдастарына есе жіберді

Украина Премьер-лигасында өнер көрсететін Полтава қаласының «Ворскла» командасымен болған бұл ойын 0:3 есебімен аяқталды. Астаналықтар жаңа маусымға әзірлік кезіндегі екінші бақылау матчында полтавалықтарға осымен екінші рет ұтылып отыр. Бұған дейін олар алғашқы жиында - 18 қаңтардағы кездесуде 0:4 есебімен жеңіліс тапқан еді. «Ворскла» сондай-ақ, Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін «Атырау» футбол командасымен болған ойында да 0:1 есебімен басым түскен болатын.
23 ақпанға дейін созылатын бұл жиынға «Астана» өзінің 4 жас тәрбиеленушісін және 6 легионерді байқап көру үшін шақырған болатын. Алғашқы бақылау матчында бас бапкер жас ойыншылардан Исламбек Қуат, ал легионерлерден қорғаушы бразилиялық Зелао, жартылай қорғаушы черногориялық Дамир Кояшевич пен молдовалық Игорь Цыгырлаш, шабуылшылардан македониялық Филип Ивановскиге өздерін көрсетуге мүмкіндік берді. Команда сапында олардан бөлек қорғаушылардан Ұлан Қонысбаев, Александр Киров, Евгений Горячий, Абзал Бейсебеков, Виктор Дмитриенко, жартылай қорғаушылардан Кирилл Писичник, Валерий Коробкин, Қайрат Нұрдәулетов, Марат Шахметов, қақпашылардан Владимир Логиновский, қақпашылардан Сергей Гридин негізгі тізімнен орын алды.