Астаналық аяқдопшылар Украинаның «Ворскла» командасына 0:4 есебімен ойсырай ұтылды
АЛМАТЫ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше «Астана» футбол клубы шетелдегі алғашқы оқу-жаттығу жиыны кезінде Анталияда Украинаның Полтава қаласының «Ворскла» командасымен спаррингтік кездесу өткізді.
Бұл ойында екінші таймның екінші жартысында Сергей Свистун жаттықтыратын полтавалықтар астаналықтардың қақпасына жауапсыз 4 доп соқты. Украина Премьер-Лигасында 2011/2012 жылғы маусымда 8-ші орын алған олар, 2012/2013 жылғы маусымда 13-ші орында келе жатыр. Олар бұған дейін Сергей Масленов жаттықтыратын қостанайлық «Тобыл» командасынан 1:0 есебімен басым түскен болатын. Ал бұл жиындағы алғашқы кездесуде Шотландияның «Данди Юнайтед» клубын 2:0 есебімен ұтқан «Астана» командасы бүгін Түркиядағы алғашқы жиынын аяқтамақ.