Астаналық аяқдопшылардың құрамы жаңа ойыншылармен толықты
АЛМАТЫ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Түркияда оқу-жаттығы жиынын өткізіп жатқан «Астана» футбол клубы мерзімі аяқталған 2 ойыншының келісімшартын ұзартты.
Сондай-ақ, сынақта жүрген 3 футболшы биылғы маусымда команда құрамында ойнайтын болды. Атап айтқанда, бас бапкер Олег Протасов байырғы ойыншылардан Таңат Нөсербаев пен Алексей Белкинмен бұдан ары қарай да жұмыс жүргізуге ынталы болып отыр. Ал сынақта жүргендерден бұл жолы Ұлан Қонысбаев, Мухтар Мухтаров пен Сергей Остапенко биыл «Астана» жейдесін киетін болды.
Былтыр Ұлан Қонысбаев Қарағандының «Шахтер», Мухтар Мухтаров Шымкенттің «Ордабасы», ал Сергей Остапенко Талдықорғанның «Жетісу» командаларында болған еді. Олардың қатарынан Ұлан мен Сергей енді астаналықтар сапына қайта оралып отыр.
«Астананың» жаңа маусымдағы Түркиядағы алғашқы оқу-жаттығу жиыны ертең аяқталады. Олар бүгін екінші жолдастық кездесуін молдовандардың «ЦСКА-Рапид».командасымен өткізуде.