Астаналық азаматшаның үйінен аса ірі көлемдегі героин есірткісі табылды - Көліктегі Орталық ІІД
АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ағымдағы жылдың соңғы 8 айында Көліктегі Орталық ішкі істер департаменті жедел-іздестіру шаралары барысында есірткі бизнесіне қатысты 282 оқиғаны анықтады. Бұл туралы бүгін департамент бастығының орынбасары Мақсұт Қабдешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның ішінде есірткі саудалау бойынша 38 факті және есірткі тасымалдау бойынша 6 оқиға тіркелген.
Полицейлердің осы іс-қимылдарының нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы көлемі 131 килә есірткі заттары алынған. Оның 955 грамы аса ауыр наша түрі саналатын - героин есірткісі.
Мәселен, ІІД Көлік полицейлері және Желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Астанада 33 жастағы әйелді ұстады. Оның үйінде тінту жүргізгенде, 170 грамға тарта героин заты табылды. Бұл аса ірі көлемдегі есірткі болып табылады.
Жедел мәліметтер бойынша ұсталған азаматша ауыр есірткінің әрбір грамын 4 мың теңгеге сатып отырған. М. Қабдешевтің атап көрсеткеніндей, оған қатысты қозғалған қылмыстық істің ауырлығына байланысты аталған елорда тұрғыны 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.