Астаналық балалар мен жасөспірімдер спортпен тегін айналыса алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін спорт мектептері жұмыс істейді. Мектепке жас спортшыларды алдағы қыркүйек-қазан айларында іріктеу арқылы қабылдайды.

Бұл туралы Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда қаламызда балалар мен жасөспірімдерге арналған 11 спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Онда 8 032 спортшы тегін шұғылданып жатыр. Жалпы 73 спорт бөлімшесі бар, оның 57-і олимпиадалық, 16-сы олимпиадалық емес. Одан бөлек, ұлттық және ерекше жандарға арналған спорт түрлері бар», - деді Самат Ерғалиев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы спорт мектептеріне балаларды қалай қабылдайтыны туралы айтты.

«Спорт мектептеріне қабылдау әр жылдың қыркүйек-қазан айларында жүзеге асады. Ата-аналар баласы айналысқысы келетін спорт түрі мен мектепті таңдап, өтініш жазады. Аталған спорт түрімен айналысуға болады деген дәрігердің рұқсатынан соң, тиісті құжаттарды тапсырып, бала таңдаған спорт түрінен іріктеуден өтеді. Спорт мектебіне белгіленген нормативтерді орындап, іріктеуден өткен балалар мен жасөспірімдер қабылданады. Биыл спорт мектептеріне қабылдау туралы қосымша біздің әлеуметтік желілерімізде хабарланатын болады», - дейді ол.

Оның айтуынша, қалалық басқармаға қарасты 16 спорттық мекеме жұмыс істейді.

«Былтыр бізге бағынысты 7 спорт мекемесі бір ғимаратқа көшірілді. Мақсат – спорттық мекемелердің жұмысын бір жүйеге келтіру. Және бұл спортшылар мен жаттықтырушыларға қолайлы жағдай туғызып, уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ спорт мектептерінің бір ғимарат астына бірігуі олардың ұйымшылдығын арттырып, бірлесіп жұмыс істеуге жол ашты», - деді С. Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар