Астаналық байкерлер есірткіге қарсы шеру ұйымдастыруда

  АСТАНА. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін елордада «Астана - есірткісіз қала» аймақтық бағдарламасының аясында «Денсаулық кортежі» атты ұранмен жеңіл көліктер мен мотоциклдер шеруі өтуде,

Астаналық байкерлер есірткіге қарсы шеру ұйымдастыруда

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Аталмыш шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорымен бірлесіп ұйымдастыруда. Шеруге есірткіге қарсы түрлі ұрандар жазылған 20-дан астам жеңіл көліктер мен 20-дан астам мотоциклдер қатысуда. Олар Республика даңғылымен жүріп, Сарыарқа, Бараев, Абай, Қабанбай батыр көшелері, Тәуелсіздік және Достық даңғылдарының бойыман өтеді. Ұйымдастырушылар елорда халқын осы шара арқылы зиянды әрекеттерден аулақ жүріп, спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуларынша, қазіргі таңда еліміздің қалаларында шымқай қарадан киінген, өзгелерге ұқсамайтын жеңіл көліктер мен мотоциклдерге мінгендер көзге түсе бастады. Соның  нәтижесінде,  қазақстандықтарға джиппер, байкер, спортрейсер сияқты ұғымдар біршама таныла бастады. «Бұл - сонау мұхиттың арғы жағынан бастау алған спорт түрлерінің бізде де танымал бола бастағанын білдіреді. Әрине, әзірге олар біздер үшін беймәлімдеу, бөлек  дүние болып көрінуі мүмкін. Алайда, аталмыш спорт түрлерімен айналысатындардың басты ұстанымдары - салауатты өмір салтын насихаттау, алуан түрлі қызықты оқиғалардың куәсі болу, жиі саяхатқа шығу. Олай болса, біз жаңа спорт көпшіліктің  назарын өзіне аударып, сол арқылы зиянды әдеттерден арылуға ықпал етеді деген сенімдеміз», дейді шараны ұйымдастырушылар.