Астаналық боксшылар Қазақстанның бокс федерациясы кубогының жартылай финалына шықты

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - Астана құрамасы бірінші болып Қазақстанның бокс федерациясы кубогының жартылай финалына шықты.

Астаналық боксшылар Қазақстанның бокс федерациясы кубогының жартылай финалына шықты

Бұл туралы astana.kz сайтына елордалық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Еске салсақ, 19-21 шілде аралығында «Дәулет» СК елордалық былғары қолғап шеберлері Павлодар, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының командаларынан басым түскен болатын. Биыл төртінші рет өткізіліп отырған Қазақстанның бокс федерациясының кубогы бокстың жаңа ережелері бойынша ұйымдастырылды,сондай-ақ жарыстың регламенті де өзгертіліп, үш кезеңге дейін қысқартылды.

«Бірінші жекпе-жекте боксшыларымыз 8:2 есебімен Павлодар облысының командасын ойсыратты, ал Алматы облысының өкілдері ШҚО спортшыларын жеңді - 7:3. Турнирдің екінші күнінде астаналықтар 9:1 есебімен шығысқазақстандық спортшыларды тізерлетті, Алматы облысының құрамасынан осындай есеппен жеңілген павлодарлықтар жартылай финалға шыға алмады. Жарыстың соңғы күні көш бастаған командалар келесі кезеңге жолдаманы сарапқа салды», - делінген Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Алғашқы үш кездесуде жеңіл салмақ санаттарында елордалық спортшылар жеңіске жетті. Азат Камзин Мардан Берікбаевтан басым түсті. 52 келі салмақ дәрежесіндегі ҚР құрамасының көшбасшысы Ільяс Сүлейменов екінші раундта Ернар Өркенді техникалық нокаутқа жіберіп, жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтады. «Astana Arlans» сапында өнер көрсетіп жүрген 56 келіге дейінгі салмақта Мейірболат Тойытов Дидар Өтелбаевтан айласын асырып, көрермендерді бір қуантты. Қарсы команданың екі өкілі Бекман Сойлыбаев пен Бекболат Құрамысов, сәйкесінше Дархан Жұмсақбаев пен Дәулет Дәукеновты жеңді. 69 келіге дейінгі салмақта Мейірім Нұрсұлтанов елордалық команданың басымдығын арттыра түсіп, Бағдат Науқановпен өткізген жекпе-жекте жеңімпаз атанды. Күтпеген жерден Бақытжан Қожабеков Айдос Ерболсынұлынан жеңіліп қалды. 81 келіге дейінгі салмақта Дәурен Елеусінов Арман Рысбекті жеңсе, ауыр салмақта жарысқа түсетін астаналық спортшы Василий Левит 3:0 есебімен Арбек Әбдуғаниевтен басым түсті. Соңғы кездесуде Дәулет Мұсабаев Ермек Үсеновті ұтты. Астана командасы Қазақстан бокс федерациясының жартылай финалына бірінші болып шықты.

Бұл кезеңде бақ сынасатын тағы екі команда 24 шілдеде Шымкентте «Оңтүстік» дивизионында, 29 шілдеде Ақтөбе мен Қарағандыда «Батыс» және «Солтүстік» дивизиондарында анықталады.

Жартылай финал мен ақтық кездесулер желтоқсан айында Астанада өтеді.