Астаналық бүлдіршіндер теннистің қыр-сырын меңгеруде
АСТАНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат - Астанадағы Ұлттық теннис орталығында «Балалар теннисі күні» іс-шарасы басталды.
Халықаралық теннис күніне орай өтіп жатқан шараға 5-7 жасар бүлдіршіндер қатысуда. Олар өзара жұптық және жекпе-жек матчтарын өткізіп, арнайы шеберлік сыныптарда теннистің қыр-сырын меңгеретін болады. Ал оқ бойы озық танылғандары елімізге белгілі тенисшілермен бір-бір ойыннан өткізбек.
Жалпы, бүгінде Қазақстанның теннис федерациясы балаларды осы спортқа кеңінен тарту үшін «Мектептегі теннис бастамасы», «10 жасқа дейінгі теннис» сияқты жобаларды қолға алды. Оның аясында қалалық мектептерде теннис сабақтары өтіп, қажетті құрал-жабдықтар жеткізіледі. Қазіргі кезде ондай бағдарламаға Өскемен, Көкшетау, Атырау, Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы және Астана қалалары қатысуда.