Астаналық дәрігерлер арбаға таңылған қызды аяғына тұрғызды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының дәрігерлеріне Қызылорданың 25 жастағы тұрғыны: «Мен өз аяғыммен жүргім келеді. Көмектесіңіз» деп көмек сұрап жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Туа біткен жетілмеген остеогенезі, екі аяғының көптеген деформациясы бар қыз бірнеше рет патологиялық сынықтарды бастан өткерді, сондықтан мүгедектер арбасына таңылды.
Фотосуретте екі жіліншік пен оң жамбастың өрескел, көптеген деформациялары, екі аяқтың бұлшықет гипотрофиясы көрсетілген.
Ұзақ уақыт бойы ол консервативті түрде емделді. ҰТО дәрігерлері басқа тәсіл арқылы операция жасауға шешім қабылдады.
Қызға оң жамбастың және екі жіліншік сүйектерінің түзеткіш остеотомиясы, блокталған пластинаның синтезі және блоктаушы стерженнің остеосинтезі жасалды. Ұзақ оңалтудан кейін ол аяғынан тұрды.