Астаналық ғалымдар қатты отын алудың баламалы әдісін тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - National Laboratory Astana ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары қатты отын алудың баламалы әдісін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Астаналық ғалымдар қатты отын алудың баламалы әдісін тапты

«Назарбаев университеті» жанындағы National Laboratory Astana ғылыми-зерттеу тобы қатты тұрмыстық қалдықтарды жоюмен қатар, синтетикалық газ алу жобасымен жұмыс жасауда. Ол алдағы уақытта электр мен жылу энергиясын өндіруге бағытталған. 

Ғылыми қызметкерлер, оқытушылар мен университетт студенттері маусым кезінде бір рет полигонға келіп, бес күн ішінде қоқыстарды сұрыптаумен айналысады. Олар өздері үшін қағаз, текстиль, ұсақ пластиктердің үлгісін жинап алып кетеді. Бұл материалдар тәжірибе өткізу үшін керек, мақсаты - өртеген кезде құрғақ жанатын қалдықты алу. 

«Біз бұл жерден әрбір көліктен шамамен 250-300 кг жинақ алып кетеміз де, түгелдей сұрыптаймыз. Оның шамамен 30% екінші шикізатқа кетеді. Одан қалған 70%  - қағаз, пластик, текстильді өз базамызда бір қалыпқа келтіріп, миллиметрге дейін үгітеміз де, термикалық анализ жүргіземіз. Оның неден тұратынын, элементтік құрамын, калориясын, қанша шайыр бөлетінін анықтаймыз», - дейді жоба жетекшісі PhD Ербол Сарбасов.

Ғалымдар мынадай тұжырымға келіп отыр - өртенген соң қалған құрғақ қалдықты екі тәсілмен жоюға болады: газификация және метан алу, сосын қайнап жатқан қабатта көмірмен бірге өртеу. Екінші тәсіл қысқы маусымда коммерциялық ғимараттарды жылыту үшін өте пайдалы. 

«Оның идеясы мынада - қатты тұрмыстық қалдықтарды біртіндеп құрту үшін коммуналдық қажеттілік үшін пайдалануға болады. Яғни жылу энергиясын өндіру үшін энергетиканы барлық станцияда көмірмен бірге өртеу керек», - деді Е. Сарбасов. 

Ғылыми-зерттеу жұмыстары бір жылға созылмақ. Оған Германия мен Канададан келген консультанттар қатысады. Жобаны Астана әкімдігі мен ӨКМ операторлары қолдады. Осы уақыт аралығында ғалымдар қоқыстың құрамын зерттеп, астаналық азаматтардың қысқы кезде көбіне шыныдан жасалған бұйымдарды көбірек қоқысқа тастайтынын, органикалық қоқыс небары 10%,  ал жазда органиканы көбірек тастайды деген қорытындыға келді. 

«Бізде Астана қаласының қоқыс морфологиясы туралы мәлімет жеткілікті. Оның үстіне, басқа да объектілердің морфологиясын зерттедік, мысалы халықаралық әуежай, Мега SilkWay сауда-ойын сауық орталығы. Олар тұрғын үйлермен салыстырғанда әртүрлі, морфологиясы да басқаша. Оны білу маңызды. Демек, қала түрлі коммерциялық және тұрғын үй объектілерінен құралған.

Келесі кезең - осы тәжірибені өткізіп байқау, көмірмен бірге өртеу және газификациямен байланысты. Бірақ бұл заттарды алдымен зертханамызда рет-ретімен тәжірибеден өткіземіз. Себебі бұл ғылыми жоба коммерциялық емес», - деді жоба жетекшісі Ербол Сарбасов. 

Ол, сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтарды жою есебінен құрғақ газ немесе қатты отын алудың ауқымды жұмыстарын айтуға әлі ерте екенін айтты. Мұнда қала халқының саны маңызды рөл ойнайды. Халық саны 5 миллионға жеткен кезде соған сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтар да көбейіп, ҚТҚ қалдығын өртеп, құрғақ қалдық алу үлесі өсе түспек.

null