Астаналық Ғани Сейділдаев «Қазақстан Барысы-2015» турнирінің қола жүлдесін иеленді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтіп жатқан Ұлт көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінде Ғани Сейділдаев қола жүлдегері атанды. Ол «Жақсығұл» лақап атымен шығып жүрген, турнирдегі ең салмағы ауыр палуан Жұманазар Ерсұлтановты тізе бүктірді.
Айта кетейік, Жұманазар Ерсұлтанов бұл жолы жартылай финалда тек Руслан Әбдіразақовтан ұтылған болатын. Ал Ғани Сейділдаев Бейбіт Ыстыбаевты алға жіберіп алған болатын.
Айта кетерлігі, «Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінің жүлде қоры 225 000 АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде 35 мың АҚШ доллары спортшылардың жаттықтырушыларына беріледі. Ал қола жүлдеге ие болған палуан Ғани Сейділдаев 3-орынмен 10 мың АҚШ долларын иеленді.
Ал бірінші орынды иеленетін жеңімпаз Руслан Әбдіразақов пен Бейбіт Ыстыбаев арасында анықталады. Ол бойынша күміс жүлдегер, яғни 2-орын - 30 мың АҚШ долларын алса, «Қазақстан барысы-2015» атанатын чемпионға - 150 мың АҚШ доллары тігілген.
Айтулы доданы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамашалауда. Бұл турнирді Қазақстанның ұлттық арнасы мен «Kazsport», сондай-ақ Түркияның «ТРТ» арнасы және Ресейдің «Боец» арнасы да тікелей эфирде таратуда.