00:55, 12 Желтоқсан 2018 | GMT +5
Астаналық гимнасшы Сабина Бакатова Минскідегі халықаралық турнирде күміс еншіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық гимнастшы Сабина Бакатова Олимпиада чемпионы Марина Лобачтың сыйлығы үшін көркем гимнастикадан өткен XVI халықаралық турнирде күміс медаль алды»,- деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Минск қаласындағы (Беларусь) жарыста 10 мемлекеттің спортшылары бәсекеге түсті. Атап айтқанда, Израиль, Италия, Қазақстан, Кипр, Литва, Польша, Ресей, Украина, Эстония және Беларусь.
Әлемдік гимнастика күнтізбесіне енгізілген бұл турнир 2002 жылдан бері өткізіліп келеді. Марина Лобач 1988 жылы Сеул қаласында көркем гимнастикадан Кеңес одағының атынан алғашқы алтын медаль олжалаған болатын.
Көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сабина Бакатова Астана қаласы әкімдігінің Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті. Ағымдағы жылы спортшы Куала-Лампурда Азия чемпионатында екі алтын және бір қола медаль олжалаған болатын.