Астаналық ІІД-де Полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес кезекті рет бас қосты

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Астана қалалық Ішкі істер департаментінде Полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Астаналық ІІД-де Полиция қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес кезекті рет бас қосты

Бұл туралы ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қоғамдық кеңестің отырысында Есіл ауданы Ішкі істер бөліміндегі тәртіп пен заңдылықтың жағдайы, сыбайлас жемқорлықпен, соның ішінде өз қатарларындағы жемқорлықпен күрес мәселелері, халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін жоғарылату мәселелері көтерілді.

Шара барысында Есіл ауданы ІІБ-да сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берген басқарма бастығы полиция полковнигі Серік Аманжолов, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтарды жасау себебін анықтау және жою бойынша бірнеше ұсыныс білдірді.

Айта кетейік, елордалық департаментте жеке құрам арасында тәртіп пен заң бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау үшін сүбелі жұмыстар атқарылуда. Қазір ай сайынғы кестеге сәйкес ІІД-нің жеке құрамының күн тәртібін сақтау бойынша тексерістер жүргізіліп тұрады.