Астаналық К.Ахметов: «Мерейлі отбасы» қазақстандықтарға үлгі-өнеге беретін шара деп білемін
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мерейлі отбасы» қазақстандықтарға үлгі-өнеге беретін шара деп білемін. Бұл пікірді бүгін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысушы елордалық Кендай Ахметов білдірді.
«Мерейлі отбасы» байқауы өшкенімізді жандырып, ұмытқанымызды еске түсіретін, халқымызды татулық пен бірлікке, ынтымаққа шақыратын, қазақстандықтарға үлгі-өнеге беретін шара деп білемін. Бұл байқаудың адамгершілік құндылықтарды және неке мен отбасының жағымды образын қалыптастырудағы мән-мағынасы ерекше. Осындай байқау ұйымдастырып, отбасы құндылықтарын дәріптеуге барлық жағдай жасап отырған Елбасымызға айтар алғысымыз да шексіз. Қазақстанымыз, еліміз көркейсін, көк байрағымыз әркезде де жоғарыдан көрінсін деп тілеймін», - дейді К.Ахметов.
Ахметовтер отбасы - атақты теміржолшылар әулеті. Әулеттен 63 кісі темір жол саласында қызмет атқарған, көптеген марапаттарға ие болған. Әулет басшысы Кендай Ахметов 1969 жылдан бастап темір жол саласында еңбек етеді.
Айта кетейік, бүгін елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. Марапаттау рәсіміне аймақтық турлардан жеңіп шыққан 16 отбасы қатысады. Жалпы, конкурста еліміздің барлық өңірлерінен 1 298 отбасы бақ сынаған болатын.