Астаналық қаржы полициясы қызметкерлерінің 30 пайызы аттестациядан өтпей қалды

АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - Астана қаласында қаржы полициясының 52 қызметкері аумақтық аттестаттау комиссиясынан өте алмады.

Астаналық қаржы полициясы қызметкерлерінің 30 пайызы аттестациядан өтпей қалды

Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында Астана қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжанат Құштарова мәлім етті.

Оның хабарлауынша, жалпы аумақтық аттестацияға 173 маман қатысты. Оның қорытындысы бойынша 13 қызметкер аттестациядан бас тартып, жұмыстан босату туралы арыздарын жазды. 52 қызметкер атқаратын лаузымына сай емес деп табылды. Сондықтан олардың 22-сінің қызметі төмендетіліп, 22-сін басқа жұмысқа ауыстыру ұсынылды. Ал 7 қызметкерді жұмыстан мүлдем шығарып тастау жөнінде шешім қабылданды. «Осылайша, Астанада қаржы полициясының 52 қызметкері аумақтық аттестаттау комиссиясынан өте алмады. Бұл барлық мамандардың 30  пайызын құрап отыр», - деп атап көрсетті Г.Құштарова.

Айта кетейік, Астана қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің 173 қызметкері ішінен 97-сі аттестациядан өтті.