Астаналық Қуыршақ театры жеке мекеме ретінде жұмыс істейтін болады

АСТАНА. 27 мамыр. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Астаналық Қуыршақ театры бұдан былай жеке мекеме ретінде жұмыс істейтін болады. Бұл туралы бүгін театрдың қызметі мен болашақ жоспарларымен таныстыру мақсатында өткізілген баспасөз конференциясы барысында мәлім болды.

Астаналық Қуыршақ театры жеке мекеме ретінде жұмыс істейтін болады

Бұған дейін Астаналық «Жас көрермендер театрының» құрамында болған қуыршақ театры 2011 жылдың наурыз айынан бастап коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын ретінде қайта құрылып, жеке мекеме ретінде қоғамға қызмет көрсете бастады.

Бүгінгі күні театрда шығармашылық жетекші Құралай Есмұратова және қоюшы-режиссер Айжан Салаева бастаған 52 қызметкер жұмыс істейді.

Қуыршақ театрының директоры Тоғжан Қасанғалиеваның айтуы бойынша, театр репертуарында қазіргі таңда әр түрлі жастағы жас көрермендер тобына арналған 10-нан астам спектакль бар. Балалар назарына ұсынылатын шығармалар жас бүлдіршіндердің психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып таңдап алынған. Оның ішінде рухани тәрбиелік мәні зор Сәкен Жүнісовтың «Атамекен», Тоғжан Қасанғалиеваның «Самрұқ туралы ертегі» сынды шығармалары мен «Қыз жібек» поэмасының желісімен сахналанатын «Махаббат туралы аңыз» атты спектальдер мазмұны мен тереңдігі жағынан жас ұрпақты тәрбиелеу тұрғысында ерекше орын алады. Қойылымдар негізінен екі тілде сахналанады.

Театр директорының пікірінше, қуыршақ театрының жалпы қоғамдық мәні зор, себебі ол баланы жастайынан сезімталдыққа, рухани тазалыққа баулиды, ұлттық рухтағы сахналық қойылымдар арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, адалдыққа жетелейді, ақ-қараны пайымдап, дұрыс дүниетаным қалыптастыруға септігін тигізеді. «Қуыршақ театры жас бүлдіршіннің алғаш қадам басатын мәдени баспалдағы болғандықтан, біз театр арқылы бүгінгі күннен бастап үлкен сахна үшін болашақ саналы көрерменді тәрбиелеуді мақсат етеміз, себебі бала кезінен театрға баруды әдет етпеген тұлға өсе келе жалпы сахна өнерін үстірт қабылдайтын болады. Сондықтан баланы мәдени сана қалыптастыруға жас кезінен баулу қажет», - деді ол өз сөзінде.

Айта кетелік, қуыршақ театры Көкшетау, Қызылорда және Шымкент қалаларына гастрелдік сапармен барып қайтқан болатын. Бұл тәжірибені театр әлі де жалғастырмақ, ауыл-аймақтардағы жас көрермендердің көңілін ауламақ. Сондай-ақ театр ұжымы балабақшалармен бірлесе жұмыс істеуді дәстүрге айналдырған.

Бүгінгі шараға қатысқан мәдениет басқармасының бастығы Болат Жұмағұлов болашақта театр үшін кем дегенде 300 көрерменге арналған жеке ғимарат бөлу көзделіп отырғандығын жеткізді.