Астаналық мамандар шетелдіктерге медициналық көмек көрсету қағидаларын түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы мигранттарға (ҚР азаматтары болып табылмайтын жандар) медициналық көмек көрсету қағидасын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астаналық мамандар шетелдіктерге медициналық көмек көрсету қағидаларын түсіндірді

«ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысына сәйкес, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарға беріледі. Мигранттарға қатысты ҚР денсаулық сақтау министрінің 2001 жылғы 30 қыркүйектегі «Мигранттарға медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» № 665 бұйрығы бар. Тарихи Отанына оралу үшін Қазақстан Республикасына келген мигранттар (оралман, этникалық қазақ және оның отбасы мүшелері) Үкіметтің бекітілген қаулысына сәйкес ҚР азаматтарымен бірдей тегін медициналық көмек алады», - делінген хабарламада.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлем тізіміне енбейтін медициналық көмектер ақылы негізде, ерікті медициналық сақтандыру аясында немесе жұмыс беруші есебінен іске асырылады.

Қазақстан аумағында жүрген мигранттарға қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурумен ауырған жағдайда тегін медициналық көмек көрсетіледі.

Одан өзге жағдайларда мигранттарға медициналық көмек ақылы негізде көрсетіледі.