Астаналық мәслихат депутаттары әкімнің соғыс ардагерлеріне 150 мың теңгеден бөлу жөніндегі ұсынысын қолдады

АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 150 мың теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік көмек беріледі.
None
None

Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың осы ұсынысына дүйсенбі күні өткен қалалық мәслихаттың кезектен тыс 3-ші сессиясында депутаттар қолдау көрсетті, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.

«Бүгінгі таңда қалада 359 майдангер тұрып жатыр. Әлеуметтік жәрдем көрсету үшін қала бюджетінен 50 млн. теңге бөлу қажет болады», - деді мәслихат депутаттары алдында сөз алған Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаева.

Сондай-ақ соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға, тылда еңбек еткен азаматтарға тағы 80 млн-ға жуық теңге бөлінеді. Ауған соғысына қатысушылар, Чернобыль апатын жоюшылар, фашизм тұтқындары, ҰОС қатысушыларының жесірлері, Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер 20 мыңнан, ал тылда еңбек еткендер 10 мың теңгеден алады.

А.Алтыбаева атап өткендей, оңтайлы экономикалық жағдайдың арқасында әлеуметтік жәрдем көлемін өткен жылы бекітілген 2012 жылға қала бюджетінде көрсетілген көлеммен салыстырғанда ұлғайтуға мүмкіндік туып отыр.

ҰОС қатысушылары мен мүгедектері 8 мамыр күні қосымша төлемдерін алады, ал қалған санаттар бойынша азаматтарға төлемдер бюджетті кезекті нақтылау кезінде жүргізіледі.

Қазіргі таңда Астанада 359 ҰОС қатысушылары, 1901 оларға теңестірілген тұлғалар және 7900 тыл еңбеккерлері тұрып жатыр.

Соңғы жаңалықтар