Астаналық мекемелер 13 млрд. теңге сомасында салық төлеуден жалтарған

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Астаналық мекемелер 13 млрд. теңге сомасында салық төлеуден жалтарған. Бұл туралы бүгін Астана қалалық қаржы полициясы департаменті Көлеңкелі экономика саласындағы қылмыстарды ашу басқармасының бастығы Бақытжан Байханов мәлім етті.

Астаналық мекемелер 13 млрд. теңге сомасында салық төлеуден жалтарған

«Ағымдағы жылдың өткен мерзімінде Астана қалалық қаржы полициясы департаментімен мекемелердің салық төлеуден жалтару фактілері бойынша 47 қылмыстық іс қозғалды. Аталған санаттағы қылмыстық істер бойынша анықталған зиян көлемі 13 миллиардтан астам соманы құрады»,- деді Б.Байханов.

Оның атап өтуінше, өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда ағымдағы жылғы көрсеткіштер 52 пайызға өскен.

«Мәселен, департаменттің өндірісінде, 2009-2011 жылдар аралығында декларацияға жалған мәліметтер енгізу арқылы жалпы сомасы 1 миллиардтан астам сомаға салық төлеуден жалтарған «Рахат и К KZ» ЖШС басшыларына қатысты қозғалған қылмыстық іс бар», - деді ол.