Астаналық мектеп оқушылары республикалық олипиадада үздік шықты

АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат - 25-30 наурыз аралығында «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы жалпы білім беруден мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасының ІV кезеңі өтті. Елорда мектептерінен олимпиадаға 41 оқушы қатысты, деп хабарлайды Астана қаласының ресми сайтынан.

Астаналық мектеп оқушылары республикалық олипиадада үздік шықты

Аstana.kz сайтына «Астана дарыны» орталығынан хабарлағанындай, Олимпиада нәтижесінде Астана командасы жалпыкомандалық есепте І орынға шығып, «Үздік команда - 2013» атағын иеленді. Жүлдегер болып 27 оқушы танылды. «І орын - 4 оқушы, ІІ орын - 8 оқушы, ІІІ орын - 15 оқушы», - делінген хабарламада.

Еске салайық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы жалпы білім беруден мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасы Қазақстанда 15 пән бойынша өткізіледі. Негізгі мақсаты дарынды балаларды анықтап, олардың болашағына бағыт-бағдар сілтеу.

Олимпиада ережесіне сәйкес төрт кезеңде өтеді:

1) бірінші кезең - мектептік;

2) екінші кезең - аудандық (қалалық);

3) үшінші кезең - облыстық (Алматы Астана қалалары олимпиадалары, сондай-ақ републикалық дәрежедегі мектептер облыстық олимпиада мәртебесіне теңеседі);

4) төртінші кезең - республикалық.

Республикалық олимпиада жүлдегерлері пән қазылары алқасының шешімі бойынша I, II, III дипломдармен, әрбір пән және сынып бойынша грамоталармен марапатталып, арнайы бағалы сыйлықтарға ие болады.