Астаналық мемлекеттік қызметкерлер арасында мемлекеттік тіл біліктілігінен байқау өтті

АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан халқы қалалық тілдер фестивалі аясында мемлекеттік орган қызметкерлерінің арасында «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» атты байқау өтті.

Астаналық мемлекеттік қызметкерлер арасында мемлекеттік тіл біліктілігінен байқау өтті

Шара таныстыру, қазіргі кезде қоғамдағы қазақ тілінің мәселесі, терминдерді және олардың аудармасын білу және қатысушылардың халық даналығынан ой қорытуы сынды 4 кезеңнен тұрды.

«Бұл байқау мемлекеттік қызметкерлер үшін ұйымдастырылды. Қатысушылар мемлекеттік тілде іс жүргізу бойынша жарысты. Жалпы байқауға қатысуға 15 мемлекеттік мекеме өтінім берген. Соның ішінен өзара бақ сынасатын 8 ұйым іріктелініп алынды», - деді astana.kz сайтына Тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің бас маманы Нағима Майлыбаева.

Атап айтқанда, Сарыарқа ауданы әкімдігі қызметкерлерінің «Сарыарқа қырандары», қалалық Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының «Алаш ұландары», Астана қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы қызметкерлерінің «Отан», Мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Ғасырлар үні», Жастар сарайы қызметкерлерінің «Нар қазақ», Тәуелсіздік сарайының «Тәуелсіздік», Балалардың құқығын қорғау басқармасы қызметкерлерінің «Кәусар», Білім басқармасының «Ұлағат» командалары күш сынасты.

Жарыс қорытындысы бойынша, Мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Ғасырлар үні» командасы үздік атанды. Қалалық Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының «Алаш ұландары» командасы екінші, Астана қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының «Отан» командасы үшінші орын алды.