Астаналық оқушы Мәскеуде өткен олимпиадада химия пәнінен алтын алды
АСТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Астана қаласының дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Әзім Аманжолов химия пәнінен алтын жүлде алды. Бұл туралы «Астана Дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталыққа сілтеме жасап astana.kz сайтынан хабарлады.
«15-24 шілде аралығында Мәскеуде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде химия пәнінен 45-ші Халықаралық олимпиада өтті. Оған әлемнің 75 елінен 300-ге жуық оқушы қатысты» - делінген ақпаратта.
Қазақстан құрамасы олимпиадада 4 жүлдеге қол жеткізді.
Сонымен қатар, 14-24 шілде аралығында Якутск қаласында (Саха Республикасы Ресей Федерациясы) мектеп оқушыларының математика, физика, химия және информатика пәндерінен ХХ Халықаралық «Туймаада» олимпиадасы өтті. Румыния, Индонезия, Моңғолия және Ресей өңірлерінің командалары мен Қазақстан құрамасы бас жүлдені сарапқа салды.
Айта кетейік, қазақстандық оқушылар аталмыш олимпиадаға 10 жылдан бері қатысып жүр.
Биыл ел құрамасының сапында №54 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Меруерт Қуанышбек, №56 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Тасқын Есболат және №66 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Бақдаулет Сейфуллин өнер көрсетті. Олимпиада қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.