Астаналық оқушы таэквондодан әлем чемпионы атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мексиканың Мазатлан қаласында мектеп оқушылары арасында таэквондодан алғашқы әлем чемпионаты өтті. Астанадан барған жас спортшы турнирде чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігі сайтына сілтеме жасап.
Турнирге әлемнің 14 елінен оқушылар қатысты.
Қазақстан құрама командасына «King Club Astana» және «Legion» отандық таеквондо клубтарының үздік өкілдері енген.
Жарыстың бірінші күні Астана қаласының «Нұр-Орда» мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Аятжан Әмірханов (жаттықтырушылары – Арал Садықов, Динара Қабдулова) 12 жасқа дейінгі топта (50 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) әлем чемпионы атағына ие болды.
Командалық есепте Қазақстан құрамасы Тайвань мен Бразилия құрамаларынан кейінгі үшінші орынға жайғасты.

