Астаналық өнер ұжымдары халықаралық театр күнін атап өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Конгресс-холлда Халықаралық театр күні өтті. Жыл сайын Театр күнін тойлау елорданың мәдени өмірінде дәстүрге айналды, деп жазады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында.

Астаналық өнер ұжымдары халықаралық театр күнін атап өтті

Қалалық театрлардың шығармашылық ұжымдарын құттықтай отырып, Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов елордада театр өнерінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

- Бүгін сіздердің табыстарыңыз бен жеңістеріңіз еліміздің ұлттық мәдениетінің тарихына алтын әріптермен жазылды. Сіздер қойған спектакльдер, өткізген іс-шаралар, дарындылығыңыз, ерекше күш-жігерлеріңіз бен еңбексүйгіштіктеріңіз отанымызда және шетелде сіздерді мойындатты. Біз сіздерді мақтан тұтамыз, - деді Б. Мажағұлов. Ол қонақтарға табыс, шығармашылық жетістік және шалқар шабыт тіледі. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Ұзақов «Мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталды. Мерекеге Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, «Жастар» театры, «Көңілді тапқырлар» театры, «Наз» мемлекеттік би театры, Қуыршақтар театры, «Терра» би театрының шығармашылық ұжымдары қатысты.